Бүгін 7 aрнaдaғы «Өз oйым» бaғдaрлaмaсындa «Жыныстық тәрбиe бeру тәрбиeсіздік пe?» тaқырыбы талқыланды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жанат Битенов есімді екі қыздың анасы жыныстық тәрбиені 4-5 жастан бастап айтуды жөн санайтынын айтады.
«Қыздың қыз екенін, ұлдың ұл екенін 4-5 жасынан бастап айту керек. Тәрбиелеп, сырласып өзіңе тарту керек. Ойға алған мәселелерін ашық айтатындай қарым-қатынаста болған дұрыс. Теледидардан ұятсыз дүниелер болып жатса шығып кетеді не ауыстырып жібереді. Біз оны өзіміз де көрмейміз. Балалар смартфон, планшет арқылы да көріп алуы мүмкін ғой. Бізді «ұят болады, ұят болады» деп өсірді», — дейді Жанат Битенов.
Психолог маман өмірде болған бір оқиғаны мысал келтіріп, барлығын өз атауымен айтуға кеңес берді.
Бағдарламның қонағы болғаны Гүлфайруз Ыстыбаева жыныстық тәрбиеге мүлде қарсы екенін айтады.
«Үйде қыз баласына жыныстық тәрбие беру дегенге қарсымын. Өзіне керек болса, үйреніп алады. Қатарынан қалмай уақыты келгенде үйреніп кетеді. Жастайынан оған бірдеңелерді айтатын болса, оның ойы бұзылады. Балаларға барлығын ашып беріп отыратын болсақ, ұят дегенді ұқпайтын болады және білген нәрсесіне құмарлығы артуы мүмкін», — дейді Гүлфайруз Ыстыбаева.
Гинеколог маман Қарлығаш Құлмұратова балаларға қай жастан бастап осы тақырыпта әңгіме өрбіту керектігі жайлы айтып берді.
«Мамандардың ойынша, 9-10 жастан бастап жыныстық тәрбие жайлы айтуды бастаған дұрыс. Осы уақытта балалардың да, қыздардың да жыныстық мүшелері жетіледі. Ұлдар қыздарға, қыздарға ұлдарға қарайтын кезең. Алты жасар балаға бұл туралы айтып керек те емес, себебі оны мүлдем қабылдай алмайды. Ер мен әйелдің қатынасы арқылы тағы бір адам дүниеге келетіні жайлы ол түсіне алмайды», — дейді Қарлығаш Құлмұратова.
25 жылдық тәжірибесі бар маманның айтуынша, анасы қызына өзгерістер болатыны жайлы айта білуі керек. Сонымен қатар, Қарлығаш Құлмұратова өз тәжірибесінде жүкті болып қалған 14 жастағы қыздың оқиғасын айтып берді.
Бағдарламаға арнайы шақыртылған дін өкілі Ерсейіт Шайыпұлы баланың тәрбиесіне тікелей қатысы бар үш факторды атап өтті: «Ата-ана тәрбиесі, ұстаздан алған білімі және ортасы».
Сонымен қатар, үш қыздың әкесі болып отырған Ерсейіт Шайыпұлы қазақтың «Келінім саған айтамын, қызым сен тыңда» мақалына сай, қыздарына тәрбиені анасы арқылы жеткізетінін мәлімдеді: «Әйелге бала жоқ жерде ақыл айт, балаға ешкім жоқ жерде ақыл айт».
Айта кетейік, «Өз ойым» бағдарламасы 27 маусымнан жаңа санын бастады. Бағдарламаның ең басты жаңалығы ток-шоу дүйсенбі-жұма аралығында көрсетілетін болды. Түрлі әлеуметтік тақырыптарды қозғайтын бұл ток-шоу әлі талай қызықтарға толы.